Тілін білмеген түбін білмейді

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ұлытау жерінде «Хабар» телеарнасының тілшісіне берген сұхбаты қазақстандықтардың ойынан шыққан ой толғау болды деп есептейміз. Бұл сұхбаттың біздің қазақстандық жастар үшін, оның ішінде бірінші кезекте мемлекетіміздің ұйытқысы болып отырған қазақ халқы жастары үшін ғибраты мол, танымдық, тәрбиелік мәні зор тарихи оқиға. Елбасы бірінші кезекте туған жер тарихын білуге, оны насихаттауға, дін мен тілді дұрыс білуге, оларды дамытуға баса назар аударды. Өйткені, халқымыздың бай тарихын, дәстүрін, тілін және дінін еліміздің келешек игілігіне жақсы ниетпен, таза көңілмен дұрыс пайдаланғанда ғана еліміздің және мемлекетіміздің болашағы жарқын және кемел болады.Халқымыздың керемет бай иманды дәстүрі мен тілінің өрістеуі, дініміздің конфессияаралық бірліктің ұйытқысы болуы – бар дәулеттің басы екенін түсінетіндер ғана шын мәнінде еліміздің жуық арада алдыңғы қатардағы ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы үдерісіне нақты, қомақты жеке өз үлестерін қоса алады. Өйткені, заман оңалып, елдің әлеуметтік тұрмысы жақсарған сайын адамдар мемлекетіміздің, елдің болашағы туралы көбірек толғануы тиіс.
Бір ақиқат жағдай, ана тілін бала кезінен жақсы білген жастар халқының тарихын да, дәстүрін де, мінезін де, ділін де бойына сіңіріп өседі. Олай болса, осы мәселеге әр отбасы жіті назар аударып, бала тәрбиесін де ескеруі тиіс. Оған бірінші кезекте ата-ана, балабақша, мектеп, қоғамдық ұйымдар жауапкершілікпен қарап, қолдау жасаулары қажет. Әсіресе, бұл бағытта ұлттың салт-дәстүр үрдістерін, оның рухани құндылықтарын, имандылықты бала бойына ертеден сіңірудегі ата-аналар жауапкершілігін заң жүзінде күшейтуді қарастырған жөн болар еді.
Елбасының Ұлытау төрінде берген сұхбатын мемлекеттік тіліміздің көптеген өзекті мәселелерін оң шешуде айқындалған міндеттердің бір парасы деп айтуымызға болады. Ендігі бәріміздің мақсатымыз, содан туындайтын өзекті мәселелерді ел болып, қоғам болып талқылап, мемлекеттік тіл арқылы ұлтымызды ұйыстырып, бірлік пен берекемізді арттырып, алдыңғы жарқын күндерге дұрыс бағыт алу. Сұхбаттағы қозғалған салиқалы мәселелер еліміздің өсіп-өркендеуіне, межелеген міндеттеріне байланыстырыла айтылғандығына жастардың назарын баса аударғанымыз жөн.
Біз зайырлы, құқықтық мемлекет қалыптастыру бағытында маңызды іс-шараларды іске асырудамыз. Мұнымыз дұрыс. Дегенмен, кейбір жағдайларда уақытша болса да мәжбүрлемесе, міндеттемесе қолға алынған істің ілгері баспайтындығын ескеру қажет сияқты. Тіл мәселесі күрделі мемлекеттік мәселе болғаннан соң оған бейжай қарауға болмайды. Мысалы, мемлекеттік тілде қызмет көрсететін мамандықтардың, кәсіптердің тізбесі осыдан 17 жыл бұрын, 1997 жылдың 11 шілдесінде бекітілген болатын. Бірақ ол талап әлі де орындалмай келеді. Көп мекемелер, ұйымдар қолданыстағы заң бабына көз жұмып қарайды.
Міне, осындай кейбір келеңсіз жағдайларды ескере отырып және Қазақстан Республикасы территориясына орналасқан барлық жеке және заңды тұлғалардың (Парламент, мемлекеттік органдар, әскери бөлімдер, балабақша, мектеп, ЖОО-лар, ғылыми мекемелер, ауруханалар, түзету мекемелері, кәсіпорындар, т.т) «Тіл туралы» заңды орындау қажеттігін естеріне салып отыруды мақсат тұтып, мына қосымша іс-шараларды заң жүзінде тәжірибеге енгізуді ұсынған болар едік.
Біріншіден, аптаның бір күнін «Мемлекеттік тіл күні» деп белгілеу керек. Сол күні мекемедегі, ұйымдағы, кәсіпорындағы барлық қызметтік қатынас (тікелей өндірістік технология процесі бұған кірмейді), қызметкерлер арасындағы байланыс (кішкентай бала және көмекші персоналдан бастап бірінші басшыға дейін) амандасудан бастап бәрі де мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс.
Екіншіден, бұл шараны іске асырудың алғашқы 4-5 апталары сәл күрделі болуы мүмкін. Бұл ретте мекеме басшыларына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олардың бұл бағытта үлгі көрсетіп, мекеме қызметкерлеріне және ұйым мүшелеріне тек оң қолдау жасаулары қажет болады.
Үшіншіден, бұл күні мекемедегі аудармашы, «Қазақ тілі» қоғамы және мемлекеттік тілге жаны ауыратын азаматтар белсенді жұмыс істеулері керек. Атап айтқанда, қажетті сөздерді, жеңіл сөз тіркестерін көрнекті жерлерге ілу, оны мекеме жұмысының ерекшелігіне сай арнаулы тақырыптар бағытына арнап таңдап, апта сайын ауыстырып отыру, мекемедегі барлық хабарландыруларды (радио, телебейне ақпараттар) мемлекеттік тілде ғана тарату қажет. Біздіңше, осы ұсынып отырған іс-шараларға барлық қазақстандықтардың түсіністікпен қарап, қолдау көрсететіндігі анық. Әрі оны іске асыруда ешқандай қиыншылық (қаржылық және психологиялық тұрғыдағы) туындамайтындығы да даусыз. Өйткені, осы кезге дейінгі мемлекеттік тілді үйренудегі және оны дамытудағы нәтижелер, жинақталған ресурстар, технологиялар бұл іс-шараны тиімді түрде іске асыруға жеткілікті алғышарт болып табылады. Көпшілік те, қоғам да бұған дайын. Тек қана бұл жерде барлық деңгейдегі шенеуніктердің және барлық деңгейдегі басшылардың (министрден бастап кішігірім мекемелердің, жеке шаруашылықтардың жетекшілеріне дейін) шын көңілмен, жақсы ықыласпен, кертартпалық жасамай осы іске оң қолдау көрсетуі ғана қажет.
Бұл жерде қоғам болып кеңесетін, ақылдасатын бір ғана мәселе бар, ол – аптаның бұл күні мемлекет деңгейінде бекітіле ме, әлде әр жеке мекеменің, ұйымның ерекшелігіне, жұмыс істеу режіміне сәйкес өздері бекітеді ме, соны анықтап алу керек. Бірақ қай деңгейде болса да міндетті түрде бұл күн ресми түрде, заң жүзінде бекітілуі тиіс. Оны бәріміз де орындауға міндеттіміз.

Билібай Мүсілімов,
Тараз мемлекеттік
педагогикалық
институтының доценті.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>