Дархан ӘБДІМАНАТ:
«Қазақстан керемет өлең болса,
Сен соның қайырмасы секілдісің!»
Газетіміздің 11 қаңтар күнгі №4 санында «Ақ жол» басылымы мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе қолға алған «Арқа төсіндегі арман қала» атты ақындардың жазба айтысы басталғаны белгілі. Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған жыр додасын айтыскер ақын Ербол Қамбатыров бастаған болатын.
Бүгін Ерекеңнің қарсыласы Дархан Әбдіманат ағасының айтқан уәжіне жауап беріп көрмек.
Айтпақшы, жыр аламанының жеңімпазын арнайы құрылған комиссия анықтайтынын қаперге саламыз. Ал екінші, үшінші орынға тиесілі жүлделер жоба басталған кезде жазғанымыздай, «Ақ жол» газетінің сайты арқылы (akjolgazet.kz/) дауыс беру жүйесі енгізіліп, ең көп дауыс алған екі ақынға беріледі. Қаржылай сыйақыны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тағайындайды.
Ағатай, өтірігіңді қой, шырқама,
Таразым – күнде думан, тойшыл қала.
Шақырусыз қалдым деп жала жаппа,
Аликтей ескертті ғой ойшыл аға.
Мен білетін Қара нар алжымаған.
Сондықтан аман жүргін, қой, сырқама.
Дап-дардай басыңызбен ұят болды.
Қара нарды кешірсін, Ойсыл қара!
Уағалейкумассалам, Ербол ағам,
Айтыста аузына ел қараған.
Алдыңғы буындағы ақынсыз ғой,
Жеңіліп ешкімнен де жер болмаған.
Қара нарға жеребе жолықтырса,
Шабытты шақырайын жел бораған.
«Алыссаң атаңды жық» демеуші ме ед (і),
Айтыскер болсаңыз да ең «қабаған».
Айтысты бастай сала жалған сөйлеп,
Айып іздеп отырсыз бел баладан.
Кел деген беташарға келмей қалып.
Қайтесіз қыл өткізіп енді арадан,
Айыбын түсінетін азамат деп,
Алдардан қулығыңыз кем болмаған.
Мен сізді атсалысар деп ойлап ем,
Бас пен қолды шығарып жең жағадан.
Ақыры жала жауып жіберіпсіз,
Болса да хабарыңыз жөн-жобадан.
Тəуекел, не бел кетер, белбеу кетер,
Сұрап алған ауруға ем болмаған.
Халыққа əулетімен көкем үлгі,
Өйткені жанұясы өте құнды.
Олай деген себебім, Ербол аға,
Жазыпсыз жұбайыңыз, жеке өмірді.
Үміттей əпкемізді ел біледі,
Атағы алты алашқа көтерілді.
Үміттің күйеуі деп халық танып,
Əрдайым қадіріңе жете білді.
Əдейі əпкемізді жазыпсыз ғой,
Болмаған жұртшылыққа бекер үлгі.
Ел мен жұрт біліп жүрсін дедіңіз бе?
Қай ақын, қандай Ербол екеніңді.
Өлеңнің елге арнайық өтімдісін,
Ақындар жазба айтысқа бекінді шын.
«Ақ жолға» мың рахмет қолдау болған,
Жалғаған ақындарды көпірмісің?!
Мейрамы құтты болсын Астананың,
Елордам бар қалаға бек үлгісің.
Қазақстан керемет өлең болса,
Сен соның қайырмасы секілдісің!