Қордаланған мәселелер  депутат назарында

Қордаланған мәселелер депутат назарында

Облысымызға Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев арнайы жұмыс сапарымен келді. Депутаттың көздеген мақсаты – жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олармен пікір алмасу, ұсыныстары мен проблемаларын тыңдап, алдағы өтетін Үкімет отырысында сол мәселелерді жеткізу болып табылады. Ол осы орайда Тараз қаласы мен бірнеше аудандардағы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық нысандарға ат басын бұрып, олардың жұмысымен танысты. Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова шаһардағы нысандарды көрсетіп жүрді. Алдымен Тараз қаласындағы «Тараз КожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрып, зауыт басшылығымен, жұмысшылармен жүздесті. Мал терісін қабылдаудан бастап, оны өңдеп, бояп, сапалы былғары аяқ киім шығару сатыларына дейін өздері айналысатын еліміздегі бірегей кәсіпорынның жұмысы Азат Перуашевтың көңілінен шықты. Серіктестік жылына 400 000 жұп аяқ киім шығарады. 50 адаммен ашылған серіктестікте бүгінде 350-ден аса жұмысшы еңбек етуде. Олардың орташа жалақысы 70 мың теңгені құрайды. Еліміздің Қарулы Күштерінен бастап, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, «Әскери темір жол күзеті» АҚ, ірі құрылыс компаниялары, мұнай-газ саласының компаниялары, «Май өнімдері Корпорациясы» АҚ, тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары былғары етіктерді осында тіктіреді. Дегенмен, кәсіпорын басшылығы депутатқа мемлекеттік тапсырыс бұдан әрі көбейе түссе деген ниетін жеткізді. Өйткені, үлкен тапсырыстың үдесінен шығуға олардың әлеуеті жеткілікті көрінді.
Азат Тұрлыбекұлы бас сұққан қаладағы келесі нысан – «Фабрика ПОШ-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2008 жылы қайта құрылған кәсіпорында бүгінде алты цех жұмыс істеп тұр. Ол цехтар арқылы қабылданған қой жүні сұрыпталып, жуылып, түтіліп, түктеліп, жіп иіріледі. Серіктестік директоры Болат Момышев барлық цехтардағы операциялар барысын түгел таныстырып шыққан соң, Парламент фракциясының басшысы кәсіпорынның проблемаларына құлақ түрді. Ондағы бас инженер Бақыт Сүйінбаев бұл ретте былай деді: «Биязы жүнді өңдеу жолында жұмыс жасап жатырмыз. Жаңа өндірістер пайда болды. Бірақ әлі түпкілікті тоқыма өндірісіне жеткен жоқпыз. Тоқыма өндірісі дайын өнім боп есептеледі. Мынаның барлығы жартылай өнім. Келешекте кеңейе түсіп, өндірісті дамыту үшін бізге кедергі боп тұрған жайт – энергия ресурсының қымбаттауы. Мысалы тамыздан бастап газ 6 теңгеге қымбаттады. Яғни, бұрын 1 текше метрі 28 теңге болса, енді 34 теңгеден төлейміз». Сонымен қатар, жылдан-жылға шикізат тапшылығы сезіліп жүргенін жеткізді. Оның себебін жүннің Қытайға сатылып кетуімен түсіндірді. Кәсіпорын басшылығы Азат Перуашевтың осы мәселелерге байланысты шара қолданып, ықпал етуін сұрады. Бұл ретте депутат өз пікірін айтты: – Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында кәсіпкерлерге қолдау көрсету қажеттігіне тоқталып, бизнестің шығындарын қысқарту керектігін айтқан болатын. Шикізат тапшылығы расымен үлкен проблема. Мәселені субсидия арқылы реттеуге болады. Өйткені, бұл біздің ұлттық экономикалық мүддеміз. Фракциямыздың атынан Ауыл шаруашылық министрлігіне кеңесімізді айтып жүрміз. Осы мәселеде Ресейден үлгі алған жөн. Олардың ауыл шаруашылық министрлігі субсидияны көтерді, екіншіден, шикізатты өткізетіндер субсидияны алғаннан кейін тауарын шетелге сатып жібермес үшін, сол субсидиялардың қаражатын жергілікті билік емес, тек қана өндірісшілер төлейтін болды, – деді ол.
Бұдан кейін қала бедерінде жаңадан пайда болған «Арай» тұрғын үй алқабына аяқ басты. Бас жоспар бойынша онда 19 үй бой көтеруі көзделген. Жуырда Астана күні мерекесі қарсаңында 10 үй «Тұрғын үй жинақ банкі» акционерлік қоғамының салымшыларына тапсырылды. Пәтерлердің шаршы метрінің құны 116 мың теңге. Депутат жаңадан тапсырылған үйлерді бірсыпыра аралап шықты. Осы орайда құрылыс мердігері Марат Рахымбердиев халықты тегін үйлермен қамтамасыз ету мәселесін алға тартты. Оның сөзін депутат та қолдады: «Қазір жастардың көпшілігі пәтер жалдап тұрады. Оларға шағын өлшемді пәтерлер немесе жатақханалар салып беру қажет. Біз азаматтарымызды баспанасыз далада қалдырмауымыз керек. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасының іске қосылуы өте орынды болды. Соның арқасында мыңдаған адамдар үй алып отыр. Оған қосымша жаңа серпін мен бағыт-бағдар беру керекпіз», — деді мәжілісмен. Оның Тараз қаласындағы сапары «Арай плаза» кешенінде өткен жергілікті кәсіпкерлермен кездесу жиынымен түйінделді.
А. Перуашевтың облысымыздағы жұмыс сапарының екінші күні Жамбыл ауданында жалғасты. Онда алдымен Жалпақтөбе ауылында орналасқан шұжық өндіретін «Достар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цехында болды. Цехта шұжықтың 32 түрінен ай сайын 100 тоннаға жуық (жылына 900 тонна) өнім дайындалады. Өнім өз облысымыздың аумағымен қатар Алматы, Астана, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарына жөнелтіледі. Тіпті, «Достардың» экспортталған өнімінен Мәскеу, Новосибирск қалаларының тұрғындары да ауыз тиетін көрінеді.
Елу бес адам еңбек ететін бұл цехтың жұмысына Мәжіліс депутаты оң баға беріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Халық қалаулысының келесі тоқтаған тұсы Шайқорық ауылында орналасқан «Сады Востока» алма бағы болатын. Шаруашылықтың агрономы Айболат Сәрсенбаев алма бақтың бүгінгі жай-күйін, алда атқарылатын жұмыстарын жан-жақты баяндап берді. Бақты аралай жүріп, мұндағы жұмысқа көңілі толған Азат Перуашев: – Мен шаруашылық жұмысын жақсы көремін. Кезінде менің әкем де жеміс-жидек өсіретін ірі шаруашылықта бас агроном болды. Сонда мен де талай мәрте алманы тасып, көлікке артқаным бар. Онда қазіргідей емес, техника жоқтың қасы еді ғой. Ал қазір техника дамыған заман. Тамшылатып суарылады екен. Бұршаққа, қатты дауылға ұрынбасын деп төбесін де жауып қойыпсыздар. Алмалар да қызара бастапты, – деген ол бағбандардың жұмысына жеміс тіледі.
Жамбыл ауданынан кейін іссапар Байзақ жерінде жалғасып, депутат алдымен Қызыл жұлдыз ауылдық округіндегі «Рола-7» ЖШС-ның жаңадан іске қосылған 2-ші цехына ат басын бұрды. 38 түрлі өнімдер шығаратын серіктестік бүгінде 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Қызметкерлер күніне 4 рет тегін тамақтанса, олардың орташа айлықтары 60-70 мың теңгені құрайды. Үстіміздегі жылы индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қытай инвесторымен бірлесе құны 285 миллион теңге «С.П. «Рола-Ян» цехын модернизациялау жобасын жүзеге асырып, қосымша тағы 40 азаматты тұрақты жұмыс орнымен қамтыған. Өнімдері өз елімізде ғана емес Ресей, Молдавия, Түрікмен мемлекеттерінде үлкен сұранысқа ие «Рола-7» -ның жемісті жұмысына риза болған Мәжіліс депутаты серіктестіктің алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.
Мұнан соң Азат Тұрлыбекұлы Қостөбе ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер В.Лесняктың сүт өңдеу цехын аралап көрді. Жиырмадан аса азаматты жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкер Жуалы, Тұрар Рысқұлов аудандарынан және жергілікті тұрғындардан сүт қабылдап, оны сынамадан өткізіп, өңдеп, таза әрі сапалы айран, май, қаймақ, құрт, ірімшік және йогурт сынды өнімдерді шығарып отыр. Дәмді де дәруменге бай «Молочный бидончик» маркасымен белгілі «В.И.Лесняк» жеке кәсіпкерлігінің өнімдері облысымызбен қатар Алматы қаласындағы балабақшалар мен мектеп, сауықтыру мекемелерінің ас мәзірінде бар.
Жеке кәсіпкерліктің бүгінгі жұмысы, болашақ жоспарларынан хабардар болған Азат Тұрлыбекұлы дәл осы ауылдық округте өндірісі өрге домалаған тағы бір жеке кәсіпкерлік — «Ақ ниет» шаруа қожалығының шұжық өңдейтін цехына табан тіреді. Мұндағы негізгі шаруа жайында қожалық иесінің орынбасары Ұлықбек Рахымжанов айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, шұжыққа қолданылатын мал еті мейлінше адал сойылып, халал өнім дайындалады. Және ауыл шаруашылығы малы да шаруа қожалығының өзінде өсіріліп, бордақыланады. Күніне 1 тонна ысталған, буланған шұжық өнімінің 30 түрін шығаратын қожалықтың алға қойған мақсаты ауқымды. Халық қалаулысы сонымен қатар, Көктал ауылындағы «Дулат» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңының жұмысымен де танысты.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың өңірімізге сапары Жуалы ауданымен түйінделді. Депутат алдымен аудан аумағында орналасқан Орта Азиядағы ірі күн электр стансаларының бірі – «Бурное Солар-1» ЖШС-на барды. Екінші кезекте Мәжіліс депутаты Нұрлыкент ауылында орналасқан қуатты шаруашылық – «Гамбург» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Ол шаруашылықтың 1500 бас ірі қараны бордақылауға арналған алаңын аралап көрді. Серіктестік жетекшісі Егор Кох жұмыс барысын көрсетіп, кейбір мәселелерді сөз етті.
Одан соң депутат аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясында» болды. Бүгінде аталған кәсіпорын күніне 25 тонна сүт қабылдап, одан ірімшіктің бірнеше түрін, сүт, тағы басқа өнімдер өндіреді. Мұндағы жұмыстың барысын компания директорының орынбасары Гүлзира Орынбаева кеңінен тарқатып айтты. Мәжіліс депутаты кәсіпорынның жұмысына оң баға берді. Жуалы ауданы Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған жері екені белгілі. Осы орайда А.Перуашев Б.Момышұлы мемориалдық музейіне де арнайы барды. Музейдің ғылыми қызметкері Ұлханым Исмаилова жәдігерлермен таныстырып, батырдың өмірінен тың мағлұматтар берді.
Жамбылдық кәсіпкерлердің нәтижелі еңбегін лайықты бағалап, ұсыныс-тілектерін тыңдаған Азат Перуашев Оңтүстік Қазақстан облысына аттанып кетті.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>