Өңірде өсім де бар, өсу де бар

Өңірде өсім де бар, өсу де бар

Ортақ ойласу –
рухани үндестік
Стратегиялық жоспарлар және аумақтық даму бағдарламаларының орындалуын бақылауда ашық есептілік сақталуы тиіс. Елбасы ұсынған бес институционалдық реформасынан күтілетін түпкі нәтиженің бірі осы. Ал оның іс жүзіндегі көрінісі – барлық деңгейдегі әкімдердің жылына бір рет жергілікті мәслихаттар депутаттары алдында есеп беруі екенін атап айтуымыз керек. Өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев алтыншы шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп беріп, алғашқы 6 айда атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Аймақтағы саяси-әлеуметтік өзгерістер де осы жиында нақты көрініс тапты.
Жалпы, жергілікті атқарушы биліктің дәстүрлі есеп беруі, алдағы міндеттерді мәслихат депутаттарымен бірлесіп талқылауы – ортақ мақсатқа қол жеткізу мүддесінен туындайтыны анық. Негізгі міндет Елбасы ұсынған мемлекеттік реформалары мен стратегиялық бағдарламаларды орындауға және «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында айқындалған межелі міндеттерді іске асыру екенін айтып өткен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев есепті мерзімде еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінде елеулі оқиғалар аз болмағанын тілге тиек етті.
– Биылғы жылдың басты жаңалығы – Елбасы бастамасына сәйкес жалпы халықтың қолдауымен конституциялық реформалар жүргізіліп, Ата Заңымызға өзгерістер енгізілгені. Мемлекет басшысы өз билігіндегі бірқатар өкілеттілігін, Парламент пен Үкіметке берді. Осылайша, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейтті. Ал сәуір айында Ұлт Көшбасшысы ұлтымыздың рухани жаңғыру бағдарламасын ұсынды.
Маңызы зор, мәртебесі биік құжат мемлекеттік және ұлттық идеологиямызға тың серпін бергенін айтуымыз керек. Рухани құндылықтар кез келген қоғамға аса қажет. Өйткені, ол қарқынды дамуымыздың негізгі өзегі. Баршамызды ортақ мүддеге ұйыстырар қуатты ағын. Қазақстанның әлемдегі отыз елдің қатарына қосылуына ықпал ететін де осы ішкі күшіміз болмақ, – дей келе Кәрім Нәсбекұлы ел тарихында қалатын елеулі оқиғаның бірі – Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесі екенін, бұл біздің еліміздің жаһан алдындағы абыройын арттырып, беделін асқақтатып отырғанын, жалпы, еліміздегі болып жатқан оң үрдістерге өңіріміз де өзіндік тыныс-тіршілігімен өз үлесін қосып келе жатқанын сөз етті.

Көрсеткіштер 

көңіл көншітеді

Алғашқы алты айдың өзінде өңіріміздің әлеуметтік- экономикалық көрсеткіштері едәуір өсіп, үдемелі индустриялық-инновациялық даму қарқыны тұрақты артқан. Қол жеткізген жетістікпен шектелмей, жаңа өндіріс орындарын ашып, соған қарай тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары да өз жалғасын тауып жатыр. Кезектен тыс өткен ХІІІ сессияда экономиканың әрбір саласы бойынша атқарылған жұмыстарды саралап берген өңір басшысы өндірістегі өркенді істерге ерекше тоқталды.
– Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде өндірілген жалпы өнім көлемі 2016 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға артып 231 миллиард теңгені құрады. Жыл басынан бері облыста негізгі көрсеткіштерде оң өзгеріс байқалады.
Өнеркәсіп өндірісі көлемі 162,8 миллиард теңгені құрап 0,2 пайызға артты. Инфляция деңгейі 2016 жылдың желтоқсан айынан осы жылдың маусым айына 103,7 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткіш деңгейінде тұр.
Облыс бюджетінің түсімдері есепті кезеңде – 102,2 пайыз. Мемлекеттік бюджетке салық және басқа да төлемдерден 37 миллиард теңге, яғни 8,3 пайызға артық түсім түсіп, болжам 112 пайызға артығымен орындалды. Жергілікті бюджетке түскен қаржы өткен жылмен салыстырғанда 21,6 пайызға артты. Ал бюджет шығындары 99 пайызға жуық орындалды.
Осы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірдің ірі компанияларымен тауар, жұмыстар мен қызметтер көрсету жөнінде 60 миллиард теңгенің 186 меморандумына қол қойылды. Соның арқасында тау-кен өндірісінде кідіріс болмай, жұмыс орындары қысқартылмады. Қазіргі кезде индустриалды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста 575 миллиард теңгенің 34 жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олар іске кіріскенде жаңадан 5 мыңнан аса жұмыс орны құрылатын болады.
Биыл 1400 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз ететін 15,4 миллиард теңгенің 12 инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақшы. Жыл басынан бері 7,3 миллиард теңгенің 5 инвестжобасы іске асырылып, 378 жұмыс орны ашылды. Екінші жартыжылдықта 1087 жаңа жұмыс орны ашылатын 7 миллиард теңгенің 7 жобасы қолға алынуда. 2014 жылдан бастап «ЕуроХим Тыңайтқыш» ЖШС Жаңатас қаласында жылына 1,4 миллион тонна минералды тыңайтқыш шығаратын химия зауытының құрылысын қолға алғаны баршаңызға мәлім. Бүгінгі таңда тау-кен байыту комбинаты салынып, онда 270-ке жуық жұмыс орны ашылған, инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген. Сондай-ақ, химиялық кешен құрылысы басталып, ішкі инфрақұрылым жүйелерін жүргізудің бірінші кезеңі аяқталды.
Осы жылдың маусым айында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «Еврохим-Қаратау» ЖШС және облыс әкімдігімен үшжақты меморандумға қол қойылды. Оған сәйкес «Еурохим-Қаратау» «Жаңатас-Шымкент» айналмалы жолының 4,8 шақырымы мен «Жаңатас-Түркістан» темір жол жолағының 25 шақырымын салып бермекші. Сондай-ақ, «Химпарк Тараз» еркін экономикалық аумағында инфрақұрылым жүйесін жүргізу жұмыстары аяқталып, 273,6 миллиард теңгенің 7 жобасы аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнда 1000-нан аса жаңа жұмыс орны ашылады, – дей келе Кәрім Көкірекбаев онда «ХИМ-плюс» ЖШС мен қытайлық инвесторлардың қатысуымен глифосат және үш хлорлы фосфат, каустикалық сода мен хлор шығаратын химиялық кешеннің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын, ол 2018 жылдың 4 тоқсанында ашылады деп жоспарланып отырғанын жеткізді.

Аграрлық сектор –экономиканың
жаңа драйвері

Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Елбасымыздың Жолдауынан туындаған негізгі міндеттердің бірі осы. Ал жалпы бұл талап орындала ма?
Жылдан-жылға мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып жатқаны мәлім. Биылдың өзінде өңірімізде саланы дамытуға барлығы 16 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға ұлғайды. Соның арқасында жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі артып келеді. Мәселен, биыл 6 айда өндірілген өнімнің жалпы көлемі 52,5 миллиард теңгені немесе нақты индекс көлемі 103,9 пайызды құраған.
Өрісте өрген төрт түлік саны да көбейген. Жыл басынан бері ет өндіру көлемі 7 пайызға, 49,5 мың тоннаға , сүт – 3 пайызға, 141,6 мың тоннаға артты. Қазіргі кезде облыста 20 мың ірі қараны бордақылауға арналған 26 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Осының нәтижесінде былтыр облысымыз 451 тонна сиыр етін экспортқа шығарыпты. Биыл экспорт көлемін 500 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр екен. Әзірше, шетелге саудаланғаны – 16 жарым тонна сиыр және 45 тоннадан астам қой еті.
– «Меркі ет» және жылына 1750 тонна ет өнімдерін өндіретін «Оңтүстік Халал Тағамдары» кешендері (Біріккен Араб Әмірліктерінің «ADEAS Development» компаниясымен бірлескен жоба) сияқты ірі кәсіпорындарды іске қосып, толық циклдағы ет кластерін қалыптастыруға мүмкіндік туды. Қордай ауданында жылына 732 тонна ет өндіретін «Первомайские деликатесы» кәсіпорнын ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, келешекте ет өнімдерін экспорттау көлемі бірнеше есеге артады деп күтілуде, – деді Кәрім Нәсбекұлы.
«Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының шаруалардың ісін өрге бастырып, мал санын көбейтуге мүмкіндік беріп отырғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сай атқарылуда. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ісі алғашқы қарқынын жоғалтқан. Мәселен, бастапқыда облыста қайта өңдейтін 222 кәсіпорын тіркелсе, қазір жұмыс істеп тұрғаны – 184 екен. Онда 2700-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.
– Елбасы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылық кооперативтерін құруға айрықша назар аударғаны мәлім. «Ауыл шаруашылық кооперациясы туралы» Заң аясында өткен жылы облыста 50 кооператив, биыл 73 кооператив құрылды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ағымдағы жылға бөлінген 2 миллиард теңге несиелік қаржының 59 пайызы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы, 41 пайызы «Аграрлық кредиттік корпорациясы» және кредиттік серіктестіктер арқылы беріледі. Осы бағдарлама шеңберінде жеке қосалқы шаруашылықтары бірігіп, 37 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылады деп жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 16 кооператив құрылып, 485 миллион теңге несие алды. Қалған 21 кооператив ағымдағы жылдың 15 тамызына дейін құрылмақ, – деді облыс әкімі есепті баяндамасында.
Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 35-36-қадамдарында көрсетілген міндеттің бірі – жер қорын түгендеу жұмыстары екені белгілі. Өңірде осы бағытта атқарылған шаралардың нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 591 мың гектар ауыл шаруашылық жері бары анықталған. Соның арқасында бүгінде оның барлығы мемлекет иелігіне қайтарылып, 538 мың гектары экономикалық айналымға қайта қосылды. Бұл қадам егістік алқаптарын шамамен 30 мың гектарға арттырып, 623 мың гектарға жеткізіп отыр.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың нәтижесінде өңірде егіс алқаптары ұлғайып және әртараптандырылып жатқанын да айта кетуіміз керек. Нәтижесінде биыл жаздық арпаның егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7 мың гектарға азайып, басым дақылдар болып саналатын қант қызылшасы, майлы дақылдар, дәндік жүгері, көкөніс, бақша алқаптарының көлемі көбейді. Оның 9,0 мың гектары – қант қызылшасы екен. Баяндамасында осыған ерекше тоқталған өңір басшысы қант қызылшасы тұқымын сатып алуға облыстық бюджеттен 220 миллион теңге бөлінгенін, биыл қант зауыттарына 155 мың тонна тәтті түбір өткізу жоспарланғанын, жалпы қазіргі орақ науқанында дәнді дақылдар түсімі гектарына орташа есеппен 21,8 центнерді құрап отырғанын айтып өтті. Шаруа қожалықтары мемлекеттік қолдаудың арқасында техникаларын жаңартқанын тілге тиек етіп, биыл ауыл шаруашылығында жалпы құны 10 миллиард 948 миллион теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын, олар негізінен үдемелі алма бақ өсіру, бордақылау алаңын, сүт фермаларын және жылыжай соғуға бағытталғанын жеткізді.
Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттің бірі – суармалы егістік алқабын ұлғайту екені белгілі. Облыста осы бағытта бірқатар ауқымды шаралар қолға алынған. Өткен жылы су үнемдеу технологиясы 12 мың гектарға енгізілсе, ағымдағы жылы оның көлемі 15 мың гектарға жетіп отыр. Алдағы уақытта «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін 2017-2021 жылдары дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық меншіктегі ірі гидротехникалық құрылғылар жөндеуден өткізілмек.

Құрылыста
қарқын бар

Биыл облыста 107 нысанның құрылысы мен қайта жаңғыртуға және 95 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 25 миллиард теңге қарастырылған. Оның басым бөлігі білім беру нысандарын және емдеу мекемелерін салуға, ауызсумен қамтамасыз етуге жұмсалып отыр. Тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржы да аз емес. Жалпы, 3,98 миллиард теңге қарастырылған. Осы есепті кезеңде 204,7 мың шаршы метрдің, яғни, бұрын-соңды болмаған көрсеткіш 800 пәтерлі 10 тұрғын үйдің пайдалануға берілуін – нақты жұмыстардың жемісі деуге болады. Облыс әкімі келтірген мәліметке сүйенсек, алдағы уақытта кезекте тұрған азаматтар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 10 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі екен. Ал келер жылға барлығы 37 көппәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқан көрінеді. Сондай-ақ, Инвестиция және даму министрлігіне 10 үйдің құрылысын үстіміздегі жылы бастап, келесі жылы аяқтау үшін 1,8 миллиард теңге қарастыру туралы хат жолданыпты. Жалпы, 2018 жылғы құрылыс-монтаждық жұмыстарға 5,4 миллиард теңге қажет.
– Бұл қаржыға 60 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделуде. Ол үшін тиісті жер телімдері бөлініп, онда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында инженерлік құрылымдар салынуда. Бұдан басқа, Тараз қаласында 14-мөлтек ауданын (100,0 га) және «Тараз сити» иінін (362,0 га) салуға жалпы көлемі 462 гектар жер телімдері бөлінген. Мұнда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесі жүргізілуде. Ал жергілікті мәндегі автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеп, күтіп ұстауға биыл шамамен 10 миллиард теңге қарастырылды. Бөлінген қаржы есебінен «Тау самалы» және «Ақыртас» туристік нысандарға жалпы ұзақтығы 6 шақырым жаңа жол салу, шамамен 7 шақырым жолдарды қайта жаңғырту және 286 шақырым орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Айша бибі көшесінің соңындағы көпірді жөндеу жұмыстарына өткен жылы республикалық бюджеттен 1,1 миллиард теңге, биыл жергілікті қазынадан 709 миллион теңге бөлініп, бүгінде асфальтбетон жамылғысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Қырғызстан шекарасына Тараз қаласын оңтүстіктен айналма автожолының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл көпір мен автожолдың салынуы Тараз қаласы көшелерінде қауіпсіздікті нығайтып, транзиттік әлеуетін кеңейтіп, экологиясына оң әсерін тигізеді, – деп атап өтті өңір басшысы.
Өңірде жалпы қуаты 118,7 МВт-ты құрайтын баламалы энергия көзінің 9 нысаны орналасқанынан көпшілік құлағдар. Ал 2017-2020 жылдары облыста қуаты 247 МВт болатын бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылмақшы. Қазірдің өзінде Жуалы ауданындағы «Бурное солар-2» күн электр стансасының екінші айналымы аясында 50 МВт-қа дейін қуат өндіруге квота беріліпті.
Стратегиялық мәні бар шаруаның бірі – жылыту маусымына дайындық жұмыстары. Бұл бағыттағы шаруалар да кестеге сай атқарылуда. Қалалардағы электр, жылу, газ, су және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалмағанын айту керек. Ол үшін бюджеттен 5,5 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. Дегенмен, көңіл алаңдатарлық мәселе де жоқ емес. Мәселен, қазір дизель отынының бағасы еркін айналымға жіберілді. Осыған байланысты қазандықтарға қажетті отын қорын ертерек қалыптастыру қажет.
Энергетика саласындағы дамудың басты көрсеткіші – тұрғын­дарды табиғи газбен қамту екені белгілі. Бүгінгі күнге облыс елді мекендерінің 48 пайызы газбен қамтылған.

Әлеуметтің
жай-күйі әлеуетті
іске байланысты

Жергілікті атқарушы билік органдарына жүктелген міндеттің маңызды бөлігі – әлеуметтік сала екені даусыз. Бұған Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сай осы жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» іске қосылуына қарап, көз жеткізуге болады. Облыста аталмыш бағдарлама аясында 2017 жылға 10 миллиард 800 миллион теңге қаржы бөлінген. Оның 4,8 миллиард теңгесі – республикалық бюджеттен, ал 6,0 миллиард теңгесі – жергілікті бюджеттен. Бұл қаржыға 13 мың адамды қамту көзделіп отыр.
Облыс әкімінің баяндауынан білгеніміз, жыл басынан бері өңірде 16 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған. Жалпы, тұрғындарға түрлі әлеуметтік көмек ретінде 1 миллиардтан аса қаржыға көмек көрсетіліпті. «Өрлеу» жобасы жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері 1,2 миллиард теңгеден аса қаржы 39 мың 500 адамға төленген екен. Сондай-ақ, жұмысқа қабілетті қатысушылардың 89 пайызы жұмыс орындарына тартылған. Соның арқасында табыс көлемі кедейшілік деңгейінен төмен тұрғындар саны 0,8 пайыздан 0,2 пайызға кеміген.
Негізі әлеуметтік ахуалдың жақсаруына денсаулық сақтау саласындағы нәтижелі жұмыстың да әсер етері анық. Осы тұрғыдан алғанда биыл облыстағы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі 55,8 миллиард теңгені құрауы, оның 50,6 миллиард теңгесі тегін көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз етуге, 3,6 миллиард теңгесі денсаулық сақтау нысандарын дамытуға бөлінуі – бұл бағыттағы шаралардың өз айналымынан айнымағанын көрсетеді.
Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 12 денсаулық сақтау нысандарының құрылысына 855 миллион теңге қарастырылған екен. Бұл қаржы 8 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 медициналық пункт құрылысына жұмсалуда. Сонымен қатар, Жамбыл ауданы, Қызылтаң ауылындағы, жалпы көлемі 4,3 мың шаршы метрді құрайтын бұрынғы №1 жүйке аурулар интернат үйінің ғимараттары жаңадан құрылған «Айша бибі» санаторийі теңгеріміне беріліп, биыл бюджеттен бөлінген 134 миллион теңгеге қарастырылып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Тамыз айының соңында нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бүгінгі күні қаржының 119,0 миллион теңгесі игеріліпті.
Сала ісін ілгерілетуде емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталу мәселесі назардан тыс қалған емес. Бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 74 пайызды құрайды. Жалпы, емдеу ісін жетілдірудегі әрбір қолға алынған шаралардың нәтижесі шығар, облыста өлім-жітім саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда тұрақты деңгейде қалыптасып, нәресте өлімі 19 пайызға төмендеген. Әлеуметтік мәні бар сырқаттардың бірі – туберкулезбен аурушаңдық деңгейі бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып, өлім 29 пайызға азайған. Сондай-ақ, қан айналымы жүйесі аурулары бойынша да көрсеткіш тұрақтанған. Ал жаңа жүйе – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша өңірде арнайы штаб құрылып, белсенді түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Серпінді істер білім саласында да бар. Білім беру жүйесін қаржыландыруға биыл 97,9 миллиард теңге қарастырылған. Осы жылы 20 білім нысанының құрылысын жүргізуге «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан 6 миллиард 400 миллион теңге бөлінген болатын. Оның 11-і жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарланған. Жалпы, өңірде апатты жағдайда деп танылған 9 мектептің бары белгілі, пайдалануға берілетін жаңа ғимараттар есебінен олардың саны үшеуге кемімек.
Өңірде үш ауысыммен оқытатын 5 білім ошағының да біреуі биыл жаңа құрылыс есебінен кеміген болатын. Қалған төртеуінің мәселесі келесі жылы шешімін табатын көрінеді. Дегенмен, білім нысандарының жаңартылып, материалдық-техникалық базасының нығайтылғаны, мектепке дейінгі мекемелердің саны артып, білім мен тәрбие беру ісінде ілгерілеушіліктерге қол жеткізгенімізбен, көздеген сапа мен көрсеткіш толықтай жақсарып кеткен жоқ. Биылғы ҰБТ кезінде облыстың орташа көрсеткіші 77,9 балды құрап, 2016 жылдан төмен болуы – осыны көрсеткендей. Алайда, осы жылы талапкерлер тестілеуді жаңа форматта тапсырғанын да ескеру керек.
Кәрім Нәсбекұлы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша әлі де назар аударатын мәселелер бар екенін айтады. Әсіресе, көрсеткіші төмен болған Қордай, Т.Рысқұлов, Шу аудандарының әкімдері бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуі қажет деп ескертті облыс әкімі.
Өңірлердің дамып, өркендеп келе жатқанын қалалар және ауылдық елді мекендердегі мәдениет ошақтарының жаңғыртылып, жөндеуден өткізіле бастағанынан-ақ көруге болады. Биыл осындай нысандардың құрылысына облыстық бюджеттен 303 миллион теңге бөлініп, көптен бері жөндеу көрмеген «Баласағұн» орталық концерт залының сыртқы қасбетін күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Саладағы ауқымды жұмыстар бұл ғана емес. Бүгінгі таңда туристік нысандарды дамыту мақсатында бөлінген 37 миллион теңге бірқатар ортағасырлық қалашықтарына (Бектөбе, Георгиевск, Тамды, Саудакент) археологиялық ғылыми-зерттеу және консервациялық жұмыстары, «Ерте ислам дәуірінің мешіті және Керуен сарайы» археологиялық ескерткіштерін мұражайландыруға жұмсалуда. Осы шаруалармен қатар, сала мамандары ЭКСПО – 2017 көрмесіне келген қонақтарды «Ұлы Жібек жолы» бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған Ежелгі Тараздың тарихымен таныстыру мақсатында, мамыр айында Астанаға салтанатты түрде керуен жөнелткен еді. Керуен Астанаға жеткенше әрбір тоқтаған бекеттерде ЭКСПО-2017 көрмесін насихаттауға бағытталған іс-шаралар, қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрлері көрсетілетін көріністер, ұлттық спорт ойындар, концерттік бағдарламалар мен театралды қойылымдар ұйымдастырды.
Осы атқарылған шаруалар жайын қозғаған Кәрім Көкірекбаев: «Өткен аптада ЭКСПО – 2017 көрмесі аясында Астана қаласында Жамбыл облысының мәдениет күндері жоғары деңгейде өтті.Осы орайда, облыстан Астанаға барып, осы ауқымды, маңызды іс-шараға белсене атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды айтамын», – деп бұл шараның мәніне ерекше тоқталып өтті. Спорт саласы, құқық қорғау салаларындағы нәтижелі жұмыстармен қатар, кемшіліктерді де тілге тиек етті. Сессияларда депутаттардан түскен 178 ұсыныс пен сын-ескертпелерді де саралауды ұмыт қалдырған жоқ. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі күні сол ұсыныстардың 109-ы орындалыпты. 65-і орындалу үстінде екен. Қалған 4 сын-ескертпелер орындалмаған.

Депутаттар пікірі

Облыс әкімінің мәслихат алдындағы есепті хабарламасынан кейін бірқатар халық қалаулысы жарыссөзге шығып, өңір басшысының жұмысына өз бағасын беріп, ұсыныстарын ортаға салды. Бірінші болып сөз сөйлеген облыстық мәслихаттың депутаты, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров: «Бүгін біз облыс әкімінің есебін тыңдай отырып облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оңды өзгерістер бар екеніне көз жеткізіп отырмыз. Атқарылған жұмыстар аз емес екен. Облыста қай саланы алсақ та жетістіктер бар. Әрине, мұндай көрсеткіш өздігінен келмейді. Мұның сыртында облыс кәсіпорындары мамандарының ерен еңбегі жатыр» деп, келесі кезекте өзі басқарып отырған кәсіпорынның атқарған жұмыстары мен даму жоспарымен бөлісті. Ол сондай-ақ: «Өңірде кәсіп ашып, жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Облыста жеңіл және ауыр өнеркәсіпті дамыту бойынша индустриялық аймақтар ашылып жатыр. Мұны облыс әкімінің бизнесті қолдауының нәтижесі деп түсінеміз», – деген пікірін білдірді.
Ал депутат, «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова Құмшағал ауылындағы Кеңес заманынан бері құрылысы аяқталмай келіп, енді ғана пайдалануға берілген көпір үшін ауыл тұрғындары атынан облыс басшысына алғысын айтты. Сондай-ақ, ол алда шешімін күткен бірқатар мәселелерді атап өтті. Олардың қатарында Тараз қаласындағы Глинка атындағы музыка мектебінің жабылмауы үшін қаржылай қолдау көрсету, осыдан үш жыл бұрын облыс әкімінің қолдауымен ашылған ана мен баланы аялау орталығы ғимаратын кеңейту, балаларға арналған шағын болса да алаңша салып беру сынды әлеуметтік мәселелер бар.
Келесі кезекте жарыссөзге шыққан депутат, «Талас инвест компани» ЖШС директоры Бақтияр Алдашов облыс әкімінің атқарған жұмысына оң бағасын берді. «Біз ел ішінде көп жүреміз. Алыс ауылдарға жиі жолымыз түсіп тұрады. Сонда қаржылық қиындықтарға қарамастан, құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанына көзім жетті. Қандай жұмыс болса да өздігінен атқарылмайды. Оны жүзеге асыру үшін жүйелі жоспар мен жалынды жігер керек. Мұндайда дана қазақ «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деп тегін айтпаса керек. Сол айтқандай, облыста нәтижеге бағытталған нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы жоспардың ауқымы одан да үлкен. Ендеше, бірлігіміз бекем болып, ел игілігіне бағытталған еңбектің жемісін көре берейік! Мен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың бүгінгі жасаған есебіне «қанағаттанарлық» деген баға беріп, атқарып отырған қызметіне тек қана сәттілік тілеймін», – деді депутат.
Облыстық мәслихат депутаты, Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова да әкімнің есебіне «қанағаттанарлық» деген бағасын берді. Ол сондай-ақ, аудандағы медицина саласы дамуының көрсеткіштері мен мәселелеріне тоқталумен қатар, білім саласындағы бірқатар мәселеге назар аударды.
«Бүгінде мектеп инспекторларының сапалық құрамы жоғары білімді мамандардан тұрғанмен, мектеп инспекторларының тұрақтамауы, жиі ауысуы, басқа қызметке кетуі жиі орын алып отыр және мектепте тұрақты отырмағандықтан, атауы ғана мектеп инспекторы болып қалуда. Осы ретте олардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және озық тәжірибе тарату мақсатында «Ең үздік мектеп инспекторы» байқауын өткізуді ұсынамын. Сондай-ақ, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу шаралары бойынша бірлескен жоспар бекітіліп, жұмыстар атқарылғанымен, әлеуметтік желілерде олардың қорытындысын жариялау, мәселені көпшілік назарына іліктіру назардан тыс қалған. Арнайы сайттарда ата-аналар үшін қажетті ақпараттар мен атқарылған іс-шаралар нәтижесі туралы мәліметтер орналастырылмаған. Бүгінде қоғамның талқылауына салу, құқық бұзушылықтың алдын алуға әсер ету тетіктерін қарастыру әлі де мүмкіндігінше қолға алынбауда» деген сын-ескертпесін айтты.

Құқықтық тәртіп барда – қоғам қауіпсіз

Депутат Дария Қожамжарованың төрағалығымен кезектен тыс өткен мәслихат сессиясында өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар да қаралды. Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция подполковнигі Бақытжан Бейсеев алты айда атқарған жұмыстары туралы толық баяндады.
Полиция подполковнигінің сөзіне сүйенсек, қазір өңірдегі криминогендік жағдай тұрақтанған. Қабылданған шаралардың арқасында, жалпы тіркелген қылмыс сандары кеміген. Атап айтсақ, ауыр және аса ауыр, орта және жеңіл дәрежедегі қылмыстар саны азайған. Одан басқа, қоғамдық жерлерде, көшелерде жасалған қылмыстар санының өсуіне жол берілмепті. Мас күйінде жасалған, топтасқан және кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар да былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеген. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Мәселен, бөтеннің мүлкін ұрлау деректерінің өзі жалпы қылмыстың 60 пайызын құрап отыр. Сондықтан, облыс аумағында кешенді жедел-профилактикалық шаралары, «Көршілер бақылауы» бағдарламасы енгізілген.
«Соның арқасында жалпы ұрлық деректерінің көрсеткішін 14,9 пайызға кеміттік. Атап айтсақ, пәтер тонау 22,6 пайызға, ұялы телефон ұрлықтары 6,2 пайызға және автокөліктерді айдап кету 12,4 пайызға төмендеді», – деді Бақытжан Халилұлы.
Өткен жылмен салыстырғанда жергілікті полиция қызметі біршама жанданған. Әйтсе де, бұл көрсеткіштер арқаны кеңге салуға болмайтынын көрсетеді. Осыны айтқан Шу ауданынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Тұрсынбай Халық ауданда наурыз-сәуір айларында орын алған қарақшылық шабуылдардың әлі ашылмағанын айтып, мәселе көтерді. Ал жарыссөзге шыққан оның әріптесі Гүлбарам Тұрлыбек жасөспірімдер арасындағы қылмысты төмендету үшін бірқатар ұсынысын айтты. Ювеналды полиция қызметкерлерінің штаттық бірліктерінің жетіспеушілігі – осы түйткілдің тарқатылмауына себеп болып отырғанын сөз етті. Мойынқұм ауданының әкімі Бақытжан Нұркенов қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, түрлі қылмыстардың деңгейін төмендету бағытында атқарылған жұмыстарды саралай келіп, бұл салада ілгерілеу бар екенін қозғады.
Сессияда өзге де бірқатар мәселелер қаралып, «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 9 желтоқсандағы №7-3 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өңірлік көші-қон процестерін реттеудің қағидалары, облыс әкімдігі жанындағы қалақұрылысы кеңесінің дербес құрамы бекітіліп, тиісті шешімдер қабылданды.

Ардақ Үсейінова,
Маржан Рақай,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>