Ұлтыңның жақсысы, еліңнің сақшысы бол

Ұлтыңның жақсысы, еліңнің сақшысы бол

Ләззат Өтеулиева,
аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы,
«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі.

Қай дәуірде болсын, қазақ әдебиеті мен мәдениетінен, ұлттық рухынан ажырамаған халық. Алаштың алдаспан ақындары қай кезде де «ақынның тілі қылыштан өткір, қылдан нәзік» деген ұғымның аясынан алыстамаған, таңдайына бұлбұл ұялаған әншілері әлемге елдің елдігін әйгілеген. Қысқасы, қазақ қаһарман, батыр халық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел азаматтарының көкейінде жүрген көптеген мәселелерді тап басты. «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер.
Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз-қаз қадам басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды», – деген Мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасын қолға алып, сол бойынша елдің, жердің гүлденуіне атсалысып, жас ұрпақ бойына патриоттық тәрбиені сіңіруді шегелеп тапсырған болатын. Осы орайда облыс әкімдігі білім басқармасының ұйытқы болуымен жер-жерлерде «Туған мектепке тағзым!» атты кең көлемді шаралар ұйымдастырылған-ды.Ондағы негізгі мақсат – өлке тарихын өскелең ұрпаққа танытып, бабалар жүріп өткен қиындыққа толы жолдарды дәріптеу, жергілікті жерлерден шыққан танымал тұлғалардың өмірі мен еткен еңбегін насихаттау арқылы жаңа буынды адамгершілік-рухани тұрғыдан тәрбиелеп, еңбекқорлық пен патриоттыққа баулу.
Сөзден іске көшуді жөн санаған біздің ауданда бұл бағытта бірқатар ауқымды тірліктер атқарылғанын мақтанышпен айта аламыз. Осы акция аясында «Мектепке кітап сыйла!» жобасы қолға алынып, аудан мектептерінің кітапханаларына үш мыңнан астам кітап жиналды. Сондай-ақ, «Жақсылық жасауға асығайық!» шарасының арқасында сегіз жүзден астам әлеуметтік көмекке зәру балаларға материалдық көмектер көрсетілді. Сонымен қатар, «Менің сүйікті мектебіме тартуым» бағыты аясында 17504,93 мың теңгеге түлектер мен демеушілер тарапынан оқу ордаларына заттай көмектер берілді. Қызылпан Сұлтанбеков атындағы шағын орталықты орта мектебінде ауыл балаларының игілігі үшін арнайы күрес залы ашылды. Барлық білім ордаларында өлке, мектеп тарихын дәріптейтін музейлер ашылып, олар құнды жәдігерлермен, деректермен толықтырылды.
Президентіміздің тағы бір арнайы тапсырмасы елімізді жасыл желекпен көмкеріп, экологиялық білім мен тәрбие беру құндылықтарын нығайту болатын. Тапсырманы жүзеге асыру мықтап қолға алынды. Нәтижесінде аудан мектептерінде «Түлектер аллеясы», «Дарынды балалар аллеясы» бой көтеріп, тал-дарақтар қатары артты. Аудандағы білім ошақтарында елімізге танымал тұлғалармен кездесулер, «дөңгелек үстел» отырыстары өткізілді. Жасөспірімдердің бойында патриоттық рухты қалыптастыру мақсатына негізделген бұл шараларға өңірде туылып, бүгінде жастарға үлгі болған азаматтар қатысты. Атап айтсақ, ҚазҰУ-дің «филология және әлем тілдері» факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманов, әуесқой бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, белгілі театр және кино актерлері Бақытжан Әлпейісов, Азамат Сатыбалды, есімі елге таныс әнші-композиторлар Гүлнұр Өмірбаева, Досымжан Таңатаров, Гүлмира Ақүрпекова, Тахмина Әшімбекова, Мейіржан Самылтыров сынды өнер майталмандары арман қуған балалармен жүздесіп, бетпе-бет әңгімелесті. Олардың бойларындағы патриоттық сезімнің артуына тікелей ықпал етті. Осы кездесулер балаларды әдемі әсерге бөлегені сөзсіз.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жас ұрпақ бойына қазақстандық патриотизмді дарытуда өлке тарихын таныстыру, отандық туризмді дамыту басты назарда болуға тиіс. Осы мақсатта ауданда «Жасөспірімдердің өлкетану және туризм орталығы» ашылып, өз жұмысын бастады. Өлкенің бай тарихы мен ұрпақтан-ұрпаққа қалған тарихи жәдігерлерін таныту, әр елді мекеннің шығу тарихы мен тұнған шежіресін ұрпақ санасына сіңіру де аса мол білім мен қажырлы еңбекті қажет етеді. Жасөспірімдер туризмін дамытуда Балалар мен жасөспірімдер орталығы мен «Жасөспірімдердің өлкетану және туризм орталығы» ұйымдастыратын туристік саяхаттарға балаларды тарту арқылы ЮНЕСКО деңгейінде әйгіленген Құлан, Өрнек, Ақыртас сынды тарихи жерлерді аралауға, облыс орталығындағы тарихи-мәдени орындармен танысуға кең мүмкіндік туып отыр. Әр елді мекеннің тарихы мен өткенінен сыр шертер құнды материалдарды халыққа таныстыруда мектеп жанынан ашылып жатқан музейлердің де берері зор, болашақта мұнда тарихи-танымдық сабақтар мен танымал тұлғалармен кездесулер жалғасын таппақ.
Елбасы мақаласында ХХІ ғасырдағы ұлттық сана да кеңінен айтылған болатын. Уақыттың өзі жаңғыруды, жаңаруды талап етіп отыр. Шын мәнінде ұлттық сана – біздің ұлттық генетикалық кодымыз. Өз ұлтының бай тарихын, тілі мен дінін, руханиятын білмеген ұрпақ – бақытсыз буын. Сондықтан білім алушылардың бойына ұлттық құндылықтарды дарытып, ұлттық саналарының берік әрі ашық болуына ұстаздар қауымы тікелей жауапты. Бұл бағытта да жаңа оқу жылында атқарылар ауқымды шаралар жеткілікті.
Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында: «Ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп баршамызға жолды айқын көрсете білді. Ендеше, білім алушылардың санасына біз тек ұтымды үрдістерді сіңіре алуымыз шарт.
«Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.
Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды.
Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуы тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдықта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді.
Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген.
Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.
Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз.
Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деген Мемлекет басшысының ұтымды ойын біз ешқашан естен шығармаймыз. Бұл сөздер ұстаздар қауымына өте зор жауапкершілік жүгін жүктейді. Талабы мен таланты, білімі мен білігі ұштасқан жастар қазір көз алдымызда өсіп келеді. Олардың қанатының қатайып, бұғанасының бекуіне біз мүдделі тараппыз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлылар ұлағатының да маңызы зор. Ендеше, жас таланттардың білім нәрімен сусындауы, болашақта жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасауға әзірміз.
Сарабдал саясаткер, сұңғыла басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы баршамыздың көңілімізден шықты. Ойымыздағыны тап басқан Президентіміз болашағымыздың жарқын болуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Мақалада алдағы жылдары латын әліпбиіне көшу қажеттігі туралы да кеңінен қамтылды. Бұл – дамуға бет алған елдің айқын мақсаттарын айғақтаса керек. «Болашаққа бағдар: рухани жауғыруда» айтылған сәулелі ойларды жүзеге асыру – баршамыздың борышымыз! Өйткені, біз ұлтының жақсысы, елінің сақшысы болатын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.

Т.Рысқұлов ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>