Айша бибі ауылы ажарлана түсуде

Айша бибі ауылы ажарлана түсуде

Мұнда 250 үй қоныстанған 5 жаңа көшеге асфальт төселіп, газ желісі тартылды

Айша бибі ауылы Жібек жолының бойына орналасқан. Содан болар бұл ауылға қоныстанушылардың қатары артып келеді. Бүгінде мұнда 5100 тұрғын тұрып жатыр. Ауылдағы Айша бибі кесенесіне келушілер легі жыл бойы толастамайды. Олар еліміздің әр өңірлерінен, шетелдерден келеді. Сондықтан ауылдың көрікті болуы – баршаның абыройы.
Кейінгі жылдары ауылдың күн батыс шетінен жер телімі бөлініп, жаңадан 5 көше қатар сап түзеп, құрылыс жұмыстары басталған болатын. Әр тұрғын тиесілі жер телімдеріне құрылыс жұмыстарын жүргізіп, баспана салыпты. Оларға енді керегі инфрақұрылым еді. Сәтін салып былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында осы 5 көшенің инфрақұрылым жүргізуге республикалық бюджеттен 323 миллион теңге қаражат бөлініпті.
Бұл жұмысты облысқа танымал ірі құрылыс ұйымы «АрайСтройМаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, 250 үй тұрғызылған 5 көшеге асфальт жол төсеп, жарығын орнатып, көгілдір отын жүретін құбырларды да тартып берген. Ауылдық округ әкімінің орынбасары Төрехан Табжанов бұл ауылға «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауызсу құбыры тартылып, оның да игілігін жұрт көріп отырғанын айтады.

«Міне, жаңадан салынған көшелерге осынша игілік жасалды. Мұндай жан-жақты құрылыс ісін жүргізу тұрғындардың қолынан келмес еді. Ауыл тұрғындарына қамқорлық жасаған мемлекетімізге, құрылыс жүргізген мердігер компаниясының жұмысшыларына зор алғыс, ризашылығымызды білдіреміз, – дейді ауыл тұрғыны Дүйсеналы Тәшметов.
Иә, ауыл үстіне ауыл болып қосылған жаңа көшенің тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Әсіресе, жаңа көшеден қоныс тауып, үйлеріне «көгілдір отын» кірген отбасылар риза. Бәрінен бұрын Айша бибі кесенесін көруге келген туристер мен қонақтардың жаңарып жатқан ауылдың жарасымды тірлігін көретін болды. Осылайша айшабибіліктер «Нұрлы жолдың» шапағатын шынайы сезінуде.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>