АҚ – АДАЛ СӨЗІМ ОСЫ, АҒАЙЫН!

АҚ – АДАЛ СӨЗІМ ОСЫ, АҒАЙЫН!

1479915043_8++-02Нұрғиса ТІЛЕНДІҰЛЫ,
Халық Қаһарманы.

Бір мың тоғыз жүз сексенінші жылдардың іші. Осы күнгі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильмнің» музыкалық редакциясында бас редактор қызметін ың-шыңсыз атқарып жатқанмын. Со кезде, Коммунистік партия Орталық Комитеті, оның бірінші хатшысы шақырады деген шұғыл хабар жетті.
Әруағынан айналайын Димекең, Димаш Ахметұлы Қонаев есік алдында қарсы алды. Асықпай отырып үй ішінің амандығын сұрады, музыка әлеміндегі жаңалықтардан суыртпақтап сөз тартты, жас композиторлардан кімдердің шығып келе жатқанын және ұлттық өнеріміздің кенжелеу даму себептеріне ден қойды. Ол кісінің мәдениетімізге ден қоя бастаған тұсы еді. Облыстық театрлар шаңырақ көтеріп, жер-жерде ұйымдастырыла бастаған көркемөнерпаздар үйірмелерін былай қойғанда әр ауданда халық театры құрылып, республика көлемінде ұлт аспаптар оркестрлері, «Гүлдерден» бастау алған «Сыр сұлуы», «Ақжайық», «Алатау», «Қаламқас» сияқты ән-би ансамбльдері, «Жас балет» отау тіккен.
Әңгіме желісін осы арнаға бұрған Дінмұхамед Ахметұлы:
– Нұреке, еркін отырып сөйлесудің орайы енді келді. Ілгеріде Мұхаңның өзің туралы сүйсіне айтқан әңгімесі есіме оралған сайын соның шешуін таппай жүруші едім.
Мұқаңның есімі аталған жерде дәрменсіздігіме іштей күйініп, дүниеден түңілуші едім. Мына сөз жон арқамнан таспа тілгеннен бетер болды. Маңдайымнан шып-шып тер шығып, өзімді қоярға жер таппастай халге түстім.
Димекең сөзін сабақтай келе:
– Жамбыл филармониясының жанынан халық аспаптар ансамблі ұйымдастырылып жатыр еді. Жігіттер көзін таппай жүр ме, жоқ етектен тартып, әлдекімдер жолын кесіп жүр ме, әйтеуір іс ілгері баспай тұр. Соған өзіңді лайық көріп отырмыз, – деп әңгімесін тұжырымдады.
Мен қуана келістім.
– Онда қамшыны бас! Көмегімізді аямаймыз, – деп орнынан көтеріле берді. Сосын: – Нұреке, – деді жүзіне күлкі үйіріліп, – сен тұсаукесеріне шақыруды ұмытып кетіп жүрмегей…
Менің Мұхаң аманатын орындауға біржола жол ашылғанына анық көзім жеткені сонша, сол күні таңды кірпік ілмей қарсы алдым…
Осылай 1983 жылы «Отырар сазы» өмірге келді. Оны сол кездегі Орталық Комитеттің хатшысы, қазіргі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мәскеуге бастап барып, Чайковский атындағы үлкен концерт залында әлемдік сахнаға жол ашқан еді. Содан бері ондаған елдің төрінде отырып «тілін тістеп» келген ұлттық аспаптарымыз еркін сөйлей бастады, әсем әндеріміз көкке өрлеп, күміс күйлеріміз ұйқыдағы жүректерді оятты. Бүкіл дүниежүзі жастары мен студенттерінің фестивалінде лауреат атанды, Бүкілодақтық Ленин комсомол сыйлығының лауреаты болды. 1994 жылы Солтүстік Кореяда төрткүл дүниеден жиылған 64 елдің ішінен бас бәйгені жеңіп алды. Ең бастысы, басында сегіз кісіден тұратын ансамбль 60 адамдық фольклорлық-этнографиялық оркестр есебінде ел сүйіспеншілігіне бөленді.
Мен мына тіршілікте не тындырдым дегенде, тұңғыш баламдай көретін «Отырар сазының» қазақ мәдени өмірінен өзінің лайықты орнын алғанына, халықтың рухани қайнар бұлағы болғанына, сол бұлақтың көзін ашуға азды-көпті үлес қосқанымды мақтаныш сезіммен айрықша атап айтар едім.
Ежелгі грек ойшылдарының бірі: «Өмір – түс!» депті. Бір күнгі тіршілікті олжа көріп, бір сәткі жарық сәулені қымбат санаған басы жұмыр, бармағы қайқы пенделіктен биіктеу тындырған бір ісім осы, ағайын! Жетпіс жылғы ғұмырды уақытпен өлшегім келмейді, Ахаң айтқандай, азаппен дүниеге келген еңбегім ел кәдесіне жарап жатса, мұратыма жеттім деп білемін.
Соның қай-қайсында да Димаш ағаның қолдауын көрдім. Ізін басқан інісінің игі істерін жаны сүйсініп дем беруші еді. Еркелете жүріп өнер майданына, оның алғы шебіне жіберетін. Барлауға емес, бастаған істі баянды етуге салатын. Бүгін алтын ағамның әруағын еске алғанда айтар ойдың түйіні осы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>